"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы » Шу ауданы №40 шағын орталықты мектеп-лицейі   
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Шу ауданының білім бөлімінің
"№40 мектеп-лицейі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(7476967753
Есепші бөлімі:
+7(707)769-59-28
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » "Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы
08
ақпан
2018

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін «100 жаңа есім» жобасы таныстырылымының
сценарийі
Күні: 07.02.2018ж
Өтетін орны: №40 шағын орталықты орта мектептің акт залы
Қатысушылар: мұғалімдер, оқушылар және баспасөз тілшілері
Шақырылғандар: аудан әкімдігі, ішкі саясат бөлімі, Жастар орталығы, білім бөлімі, білім беру ұйымдарының басшылары
Спикер:
Қайырлы күн, құрметті қонақтар мен оқушылар!
«100 жаңа есім» жобасы таныстырылымына қош келдіңіздер!
Биыл ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы халыққа жол тартты. Мұнда сананы жаңғырту, ұлттық болмысты сақтау, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілді. Бағдарлама арнайы 6 жобадан тұрады. Олар:
*Туған жер;
*Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы;
*Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет;
*100 жаңа оқулық;
*Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру;
*100 жаңа есім.
Бүгін біз Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы аясында мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарында өз еңбегімен, өнерімен табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихымен танысамыз. Елімізді, Заманауи Қазақстанды жасауға үлес қосқан азаматтар туралы сөз қозғаймыз. Республикада әр өңірінен жобаға қатысқандар ішінен – 102 адам «100 жаңа есім» тізіміне халықтың дауыс беруі бойынша іліккен. 2017 жылдың 18 қазан мен 10 қараша аралығында 100 есім.ел.кз сайтында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының ақтық кезеңіне қатысушыларға онлайн дауыс беру жүргізілді. 3 апта ішінде 342910 адам 1376936 дауыс берген. Солардың ішінде өз облысымыздан енген 8 азаматты ерекше атап өткен жөн және олармен тереңірек таныс болуға шақырамын.
1.Зульфия Раухатовна Габидуллина – қазақстандық спортшы, жүзу бойынша халқаралық кластағы Қазақстан Республикасының спорт шебері 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1971 жылы жол апатына ұшырап, омыртқа, бас, қол және аяқ жарақатын алған.
2013-2015 жылдардағы әлем чемпионаттарының күміс және 3 мәрте қола жүлдегері, Бүкіләлемдік ойындардың бірнеше мәрте жеңімпазы, әлемнің 12 мәрте рекордсмені.
Рио-де-Жанейрода өткен Параолимпиялық жазғы ойындарда 100 метр қашықтыққа еркін стильмен жүзуден Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелді. Спортпен 1990 жылдан бастап шұғылдана бастады. 1991 жылы алғаш рет өткен Президент сыйлығына мүгедектер арбасымен жарысудан додаға қатысты. Ал 2007 жылдан бастап жүзумен кәсіби түрде айналыса бастады.
Зульфия Габидуллина бірнеше әлемдік рейтингтер бойынша ғаламшардың ең мықты сегіз жүзгіштерінің қатарында. Қазақстандық спортшы алтын медалді тек әлемдік қана емес, 1:30.07 жүзіп өтіп, параолимпиялық рекорд жаңартқан. (әуелгі әлемдік рекордта оған тиесілі болған - 1:34.86)
Зульфия Раухатовна бүгінгі күні 156 медаль және 200 грамота мен дипломның иегері. Тағдырдың соққысына табанды тойтарыс берген жүзгішімізге үлкен қошамет білдіреміз. /қол шапалақтау/
2.Ерлан Бақтыгерей – Шамғон Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты, Астана қаласындағы Академиялық филармониясы симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі (2013 - 2015 гг.)
Ерлан Бақтыгерей 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Әкесі Ауған соғысына қатысқан, анасы -есепші. Үш ұлдың ортаншысы. Отбасында музыканттар болмаған. Бала кезінде ағасының үйіне қонаққа барғанда, ағасы Ерланның музыкаға деген ынтасын байқаған. Дәл осы уақыттан бастап, өнерге ден қоя бастайды.
1985-1996 жылдары Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде оқыды. Содан кейін Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына түскен. Консерваторияны бітірген соң, оны Астанаға оркестрдің әртісі қызметіне шақырады. Ерлан Бақтыгерей Халық әндері мен күйлерін, классикалық шығармаларды Қазақ халық аспаптары оркестріне бейімдеп жазған. Бір орында тұрып қалмай, алға қарай жүріп, шыңдарды бағындырғысы келеді. 2001 жылы Шамғон Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты атанады. Конкурстан кейін Қазақстан, Ресей, Татарстанның халық әртісі, Татарстан симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, Ресей Үлкен театрының дирижері, профессор, академик Фуат Мансуровтың шақыру қағазын алып, оның шәкірті атанады. Бұл Ерлан үшін үлкен мектеп болады. Ерлан Бақтыгерей өз жетістіктері үшін «Болашақ» бағдарламасына қарыздар екендігін ұмытпайды. 2008 жылы оны Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, сондай-ақ, симфониялық оркестрдің дирижері қызметіне шақырады. 2013 жылы Астана қаласындағы академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын тау» және Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларын сахналайды. Халықаралық ұйымдастырушылармен бірге түрік әлеміндегі композиторларға арналған «Түріксой» концертін ұйымдастырады.
2015 жылы Қарағандыға келіп, көпбалалы әке ретінде 7 баланың тәрбиесімен айналысуды жөн көреді және шағын наубайхана ашады. Сонымен қатар тігіншілікпен айналысып, ұлттық нақыштағы былғары сөмкелер тігуге кіріседі. Осылайша өнерден бизнеске аяқ басады.
Еркеғали болашақта сахнаға қайта оралып, тыңдармандарын жаңа жетістіктерімен қуантатынына сенімді.
Скайппен байланыс орнатылады.
Спикер: Байланыста Қарағанды қаласы. Ерлан, сәлеметсізбе! Мен, Гүлбарам Қайшыбекқызы, Шу қаласы №40 шағын орталықты орта мектебінің директорымын. Бүгін Сізді Шу ауданының мектеп оқушылары, мұғалімдері мен ата-аналары қарсы алуда. Біз Сізді құрмет тұтамыз! /қол шапалақтау/
Айтыңызшы, Сізге осы жобаға қатысу туралы ұсыныс кімнен түсті және жеңісіңіз туралы алғашқы құттықтау алған сәтте қандай әсерде болдыңыз?
Сағындық Айдын 8а сынып оқушысның сұрағы:
Біздерге ,болашақ жас өнерпаздарға , қандай ақыл-кеңес бере едіңіз және үлкен оркестрлердің құрамына өнерпаздарды қалай таңдайды?
Сізге тартуым ретінде «Ерке сылқым» күйін орындап берейін.
Рахмет бізбен бірге болғаныңызға! Еңбегіңізге толағай табыс тілеп, ерекше қошамет көрсетеміз! /қол шапалақтау/
3.Марат Аманғалиұлы Саршаев - «Орталық клиникалық аурухана» АҚ нейрохирургі, бірінші санаттағы дәрігер. 2015ж. «Ең үздік жас дәрігер» атағын иеленген.
Марат Аманғалиұлы 1985 жылы туылған. Қазіргі таңда инсульт әлемдегі көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінше инсульт салдарынан жыл сайын 6,2 млн адам қайтыс болады. 2015 жылы Қазақстанда 41 мың адам инсульт алып, оның 24%-ы көз жұмған. «Денсаулық саласындағы 2016-2020 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес инсульттің алдын алу және оның көрсеткіштерін төмендету мақсатында жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. 2016 жылы Марат Аманғалиұлы еңбек ететін бөлімшеде бас миы және жұлынға жасалған оталар адам шығынысыз сәтті өткізілген. Аталған мекеме инсультқа қарсы күрес жүргізіп жүрген алдыңғы қатарлы емханалардың бірі болып табылады.
Телефонмен байланыс орнатылады.

Спикер: Алло, сәлеметсізбе, Марат Аманғалиұлы! Сізбен байланыста Шу қаласы №40 шағын орталықты орта мектебінен Шу ауданының оқушылары және мен мектеп директоры Гүлбарам Қайшыбекқызы.
Марат Аманғалиұлы сіздің нейрохирургия саласындағы жетістіктеріңізді біз мақтаныш тұтамыз. Айтыңызшы, бүгінгі таңда қазақстандық денсаулық саласы, соның ішінде өзіңіз қызмет жасап жүрген нейрохирургия саласының дамуы қандай деңгейде деп ойлайсыз?
Әбіш Анар 11а сынып оқушысының сұрағы:
Сізде күрделі ота кезінде қобалжу бола ма, болса оны қалай жеңесіз?
Адам жанының шипагері Марат Аманғалиұлына қошамет білдіреміз!
4. Сембек Сейдәзімов – нағыз атымтай жомарт азамат. Өзі түлеп-ұшқан киелі Жамбыл топырағына аянбай еңбек сіңіріп, талай қайырымды істерге ұйытқы болып жүрген нар тұлға.
«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі дегенде, ішкен асын жерге қоятын атпал азаматтар ортамызда жетерлік. Асылы, «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дейтін қазақ мақалы байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар жөнінде айтылғандай.
Біз сөз еткелі отырған Сембек Әбетайұлы да «елі ерге қарағанда, ері жерге қарамаған» азаматтың бірі. Сембек Сейдәзімовтің есімі әулиеаталық әлеуметке әлмисақтан белгілі. Өзінің саналы ғұмырында қызметтің түрлі баспалдақтарынан өтті. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі, филиал жанындағы жемқор¬лыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің басшысы ретінде өзін салмақты, салиқалы азамат, қоғам жұмысын өз мүддесінен жоғары қоя білетін қажырлы қайраткер келбетінде танытты. Ал негізгі қызметі – көне шаһардағы «Кирпичник» серіктестігінің директоры ретінде де, өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Ол Жамбыл облыстық мәслихатының үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты болған, Қоғамдық кеңестің төрағасы.
Ол кәсіпкерлікті нәсіп ете жүріп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген жан. «Кирпичник» ЖШС-нің өнімдерін аурухана, емхана, мектеп, балабақша құрылыстарын салуға пайдаланған. Ердің мұраты – елдің қамы. Халық даналығы Атымтай жомарт жандарды құрметтеп, «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп мадақтайды. Ал С.Сейдәзімовтің басты мақсаты – кісіге қамқор болу, мейлінше жомарттық таныту. Сембек Әбетайұлы туралы сөз бола қалғанда, көпшілік оның осындай игі істері мен жақсы қасиеттерін айтады. «Еңбек ет те, міндет ет» дейді. Еңбек еткен ердің ерекшелігі ел есінде қалады. Сондықтан да атақтың да, құрмет¬тің де болатыны белгілі. С.Сей¬дәзімов үшін ең үлкен марапат – Елбасының жылы лебізі жазылған Алғыс хаты. Ал мемлекет тарапынан берілген «Құрмет», «Парасат» ордендерінің жөні бір бөлек. Бұдан өзге де Құрмет белгілері мен Алғыс хаттары ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің ақталған жемісі екені даусыз.
Біз осындай абзал жанға ыстық ықыласпен қошамет білдіреміз. /қол шапалақтау/
5. Ақжүрек Таңатаров – спортшы.
Тәуелсіздік жылдарында жасындай жарқыраған жұлдызды спортшы. Шынашақтайынан шымыр денелі Ақжүрек Тәуелсіздіктің елең-алаңында еркін күрес секциясына жазылады. Азат елдің асқақ ойлы азаматы сол бір балаң шағында Олимпиада ойындарында атой саламын деп ойлады ма екен?! Сол жылдары Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған жамбылдық жампоздар Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада ойындарында-ақ абыройын асырып, қос бірдей жүлдемен оралды. Боксшы ағаларының жеңісті жорығы тұла бойы намыстан жаралған Ақжүректі де спортзалға жетектеп әкелген еді. Мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына Олимпиада жүлдесін салу.
Ақжүрек Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылында 1986 жылы дүниеге келген. Сол ауылда 3-ші сыныпқа дейін білім алып, 1996 жылы әкесі оны «күреске қатыссын, осы балам спортшы болсын» деп қалаға көшіпті. Ақжүрек Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Дели төрінде өткен Азия чемпионатында 70 келі салмақта алтын алқа алды. Жерлесіміз ширек финалда монғолиялық Хатанбатаар Даваатсеренді ұтса, жартылай финалда жапониялық Моможира Накамураны 11:7 есебімен тізе бүктірді. Финалда Ақжүрек өзбек балуаны Ихтиор Новрузовты да 11:7 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
Ақжүрек - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы.
Скайппен байланыс орнатылады.
Спикер: Бізбен байланыста Ақжүрек Таңатаров! Ақжүрек, сәлеметсізбе! Мен Гүлбарам Қайшыбекқызы, Шу қаласы №40 шағын орталықты орта мектебінің директорымын. Бүгін Сізді Шу ауданының мектеп оқушылары, мұғалімдері мен ата-аналары қарсы алуда. Біз Сізді мақтан тұтамыз! /қол шапалақтау/
Менің сізге қояр сұрағым: Есіміңіз ерекше жансыз. Осындай есімді сізге кім қойды?
Ақпар Әлішер 8асынып оқушысының сұрағы:
Бейжін олимпиадасына қатыса алмадыңыз, орныңызға Леонид Спиридонов барды. Соған қарамастан сізді алға жетелеген қандай күш?
Жүрегі елім деп соққан, қаны қазақ деп қайнаған Ақжүрек Таңатаровқа қошамет білдірейік!
6. Әбдібек Пошкаев – ірімшік зауытының директоры
Ол 2012 жылы тоқтап тұрған ірімшік зауытын өз күшімен қайта іске қосып, маркетинг жүйесін кеңейтеді. Нәтижесінде өнімнің түрі мен өнімділігі артады. Білікті басшы ұдайы қол астында істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдағанның арқасында сүт өнімдеріне тапсырыс беретін сауда орындарының саны артып, өндіруші зауыт отандық өнімдерді тіпті Ресейге экспортқа шығара бастады. «Бурный ірімшік зауыты» ЖШС өз өнімдерімен Жамбыл облысының барлық сауда нүктелері мен еліміздің өзге де өңірлерін қамтып отыр. Зауыт өндіретін жоғары сапалы сүт өнімдері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие.
Бейнежазба көрсетіледі.
«Ас-адамның арқауы»- дейді дана халқымыз. Ендеше дастарханымызға ақ асын ұсынып отырған Әбдібек Пошқаевқа қошамет білдірейік!
/қол шапалақтау/
7. Арыстанбаев Ғалым Қазбекұлы– полиция сержанты, көпбалалы әке, үлгілі отағасы. Қазіргі таңда 11 бала тәрбиелеп отыр: 6 ұл, 5 қыз. Олардың 8-і жетімдер үйінен алынған әр түрлі ұлт өкілдерінің, олардың ішінде қазақ, әзербайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар балалары бар. Ол әйелімен отбасы типіндегі балалар үйін ашқан. Әйелі Әлиямен 10 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді. Ғалымның айтуы бойынша олар бір-бірін түсініп, толықтырып отырады, сол үшін де олардың отбасы түсіністікпен бақытта өмір сүріп жатыр. Әлия мамандығы бойынша - мұғалім. Ол өзін қазір тек отбасына арнаған. Ғалым Арыстанбаев көп жылдан бері Отаны үшін аянбай қызмет етіп келеді. Айтар болсақ, отбасындағы бірлігі үшін Ғ.Арыстанбаев «Мерейлі отбасы» конкурсында 44 қатысушы арасынан 1-орынды жеңіп алған. Бұл жетістікпен отбасы тоқтап қалғысы жоқ, олар өздерінің кішкентай үй типіндегі балалар үйін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бейнежазба көрсетіледі.
«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халқымыз. Жүрегі жылы, жаны жайсаң, алақаны аялы Ғалым Арыстанбаевтың ісі шексіз құрметке лайық! /қол шапалақтау/
8. Бауыржан Исламхан – «Қайрат» футбол командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы.
Исламхан Бауыржан 1993 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген. Небәрі 24 жасында Қазақстанның футбол тарихында үлкен жетістіктерге жеткен Бауыржан Исламхан 2016 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік футболшысы атанады. Бауыржан ,тіпті, жасы әлі жиырмаға да ілікпей тұрғанда ұлттық құрамаға шақырылып, жастар құрамасы сапында «Достастық кубогінің үздік ойыншысы» атанған еді. Футболмен он жасынан бері айналысады. «Тараз» командасының сапында алғашқы маусымда – 27 ойын өткізіп, 2 гол соққан.
Аяғына доп тисе қарсылас команданың бірнеше футболшысы қоршап алады. Неге десеңіз, ешкімнің миына қонбайтын құйтұрқы пас шығару ол үшін түк те емес. Кейде жалғыз өзі ойынның тағдырын шешіп жатады. 2016 жылы британдық Sport телеканалы Еуропа лигасы Уефадағы Бауыржан Исламханның голы ең әдемі гол деп жариялады және оның голы 86 пайыз дауыс жинаған. Үлкен спортта үлкен саясат жатады дейді білетіндер. Бұрын бізді оқытқан мұғалімдер жиі қолданатын мақалдың бірі «Асық ойнаған -азар, доп ойнаған -тозар, білім қуған- озар» деген мақал еді. Біз Бауыржан Исламханды да Қазақстанның туын әлемдік спорт төріне көтеретін футболшы деп танып, оның ізбасарларының біздің арамызда отырғанынына сенімдіміз.
/қол шапалақтау/
Құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар!
Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастаған жылдарда атқарылған жұмыстардың маңызы мен ауқымы мол. Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. Елімізде «Жаныңда жүр жақсы адам» деген мағыналы сөз бар. Бүгінгі біз сөз еткен әрбір азамат осындай жандар. Біздің мақсатымыз осындай отандастарымызды таныстыру, танымал ету. жастарға үлгі ету. Осы үдеден шыққан болсақ, біз өте қуаныштымыз. Олай болса, «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген елбасымыздың сөзімен іс-шарамызды аяқтағым келіп тұр.
Қатысқандарыңызға көп рахмет! Қош сау болыңыздар!
[img]http://40-shu.mektebi.kz/uploads/posts/2018-02/1518081615_1.jpg[/img

[img]http://40-shu.mektebi.kz/uploads/posts/2018-02/1518081638_2.jpg[/img]

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

"Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "100 жаңа есім" жобасы презентациясы

Похожие публикации:

13 маусым 2017 мектеп директоры
13 маусым 2017 Баяндама
22 қаңтар 2017 аннотация
19 қаңтар 2017 Айрықша оқиғалар